• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

Отбасы –  Отан тірегі

2216 рет
көрсетілді

Ежелгі замандардан бері отбасыны Отан тәрізді ұлы құнды­лықпен қатар қойып, әлеуметтік ұйысу мен ұрпақ жал­ғас­тырудың ұлағатты ұясына балаған халқымыз үшін шаңырақ қай кезде де киелі ұғым, қастерлі түсінік саналған. Сондықтан, бүгінде әлемдік деңгейде отбасының әлеуметтік-мәдени феномен ретіндегі мәнінің басқаша сипат ала бас­тауы, қазақстандық отбасының дүниетанымдық таңдауларының өзгеріске ұшырауы біздің қоғамды да алаңдататын құбылыстар. Мәселен, бір кездері заңнан тыс әрекет ретінде қарастырылып, сол үшін қудаланған жағымсыз құбылыстардың қазіргі уақытта интернетте ашық көрсетілуі немесе әлемнің бірқатар мемлекетінде түрлі құқықтық мәртебелермен біржынысты некелерге, олардың бала асырап алуына рұқсат етілуі сияқты оқиғалардың кездесуі елімізде отбасы институтын дәстүрлі жолмен нығайтуда және жастарға тәрбие беру ісінде әлі де қыруар жұмыстар күтіп тұрғанын аңғаруға болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде: «Біріншіден, жердегі өркениеттің бүкіл хронологиясы – кез келген қоғамның негізі ретіндегі Адамзат Отбасының Ұлы тарихы. Екіншіден, отбасы – өте ұлы құндылық. Мыңжылдықтар мен ғасырлардан бері отбасы әрбір қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан моральдық салттардың, ұлттық дәстүрлердің сақтаушысы болып табылады. Үшіншіден, отбасы – өз халқыңа, оның мәдениеті мен тұрмысына деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнар көзі. Ол ата-аналар, балалар мен немерелер бақытының призмасы арқылы өтетін патриотизм мен Отанның өркендеуіне деген мәңгілік қамқорлықтың қайнар көзі. Ол ұрпақтардың ғасырлық өзара байланысы. Төртіншіден, ХХІ ғасырда жаһандану дәуірі отбасы мен бақытты неке құндылықтарын прогрестің маңызды шарттары етеді. Оны қазіргі заманғы әлемнің барлық табысты елдерінің тәжірибелері айғақтайды» деп, отбасылық құндылықтардың мәнін егжей-тегжейлі ашып көрсетті. Мемлекет басшысының осы тұғырнамалық тұжырымдары және баяндамасында атап көрсеткен мемлекет пен қоғамнан жүйелі шаралар қабылдауды талап ететін бес бағыты Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің алдағы негізгі бағдар­ларын белгілеуге жол сілтеді. Атал­ған салтанатты рәсімде берген тап­сырмаларының аясында «Қазақстан Республикасында отбасылық қаты­настарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құнды­лықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары» қабылданды. Ұлттық комиссияның құрамы нығай­тылып, оның қатарына азаматтық қоғамның беделді өкілдері тартыл­ды. Нәтижесінде Ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық саясат­ты іске асыруды ешуақытта өзекті­лігін жоймайтын: отбасылық құнды­лықтарды сақтау, түрлі буын өкіл­дерінің арасындағы қарым-қаты­настарды нығайту, дәстүрлі тәрбиенің сақталуы сияқты мәселелерді жан-жақты үйлестіруге, сондай-ақ мемлекет пен отбасы арасындағы байланысты одан әрі бекемдеуге үлес қосуда. Қазіргі заманғы рухани сұра­ныстардың және өркениеттік өлшем­дердің жаңаруы тұсында кез келген ел үшін отбасы институтын нығай­туда жүйелі стратегиялық зерттеулер жүргізіп, даму бағытын жан-жақты зерделеп отырудың маңызы зор деп білеміз. Қазіргі заман үшін отбасы нені білдіреді? Бұл сұрақтарға жауап ізде­генде ғалымдар отбасының тарихына қатысты жүргізілген зерттеулердің арасынан Л.Морганның «Ежелгі қоғам» және Леви-Стросстың «Туысқан­дықтың ежелгі құрылымы» атты не­гізгі еңбектеріне сүйенетіні белгілі. Алғашқы автордың отбасы­ның негізгі тарихи типтерін жіктеуі, келе­сі зерттеушінің гендер теориясы­на сүйенетін туысқандық және отба­сылық қатынастардың заманауи тұжы­рымдамаларын жетілдіруі бұл са­лада еңбек ететін отандық әлеумет­танушы үшін қажетті теориялық бағыттарды белгілеп алуына жол көрсететіні анық. Елімізде соңғы жылдары бұл мәселе зерттеудің арнайы нысанына айналып, отбасы институтына қатысты жалпыхалықтық сауална­малар жүргізіліп келеді. Атап көр­сетсек, «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің «Сіз үшін не маңызды болып табылады?» деген тақырыпта жүргізген сауалнамасы бойынша жауап беруге жас мөлшері, этностық шығу тегі толық қамтылған барлық әлеуметтік топтағы адамдар тартылған. Соның нәтижесінде қазақстандықтар үшін отбасы басты құндылық болып табылатыны туралы қорытынды жасалды. Сұрақ қою барысында респонденттерге «Тату-тәтті отбасылық қатынас», «Ден­саулық», «Материалдық жетістік», «Ман­сап» және басқа да бірқатар қажет­тіліктерді қалауларына қарай орналастыру ұсынылған. Барлы­ғы бірінші кезекте «Тату-тәтті отба­сылық қатынастарды», одан кейін «Ден­саулықты», содан кейін ғана «Материалдық жетістікті» таңдаған. Бұл арқылы біз қазақстандық отбасы тұрақтылығының басты негізі – тату-тәтті, бақыт пен шаттыққа толы отбасы өмірі екенін анықтап, тиісті түйін жасай аламыз. Сонымен бірге, отандастарымыз үшін отбасы институтының қоғамдық және мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор екенін осы сауалнамалар қоры­тындылары арқылы білуге болады. Яғни, респондеттердің 80,3%-ы Қа­зақстан қоғамы мен мемлекетінің тұрақтылығын отбасыдағы ұйыған татулықпен тікелей байланыстырады. Бұған қоса, «Сіз қазақстандық отбасының болашағы туралы не ойлайсыз?» деген сұраққа берілген жауапта да респонденттердің 99,6%-ы қазақстандық отбасының дамып, нығая түсетініне және қоғамдағы мәні артатынына сенім білдірген. Зерттеу барысында отбасыны қол­дауға бағытталған мемлекеттік сая­сатты қазақстандықтар қалай бағалай­тын­дығы, қандай мәселеге аса назар аударатыны және өз үміттерін немен байланыстыратындықтары туралы маңызды сұрақтарға жауап іздес­тірілген. Респонденттер мемлекет тарапынан отбасы институтына қолдау көрсетуіне оң баға береді. Соны­мен қатар, сауалнамаға жауап беру барысында әлі де заңнамаларды жетілдіру, қабылданған актілер мен мо­ниторинг жүргізуді жүзеге асырудың механизмдерін анықтау керектігі айтылған. Әлеуметтану саласындағы бұл зерттеу­лер Қазақстан қоғамындағы отбасының рөлін айқындауда және оған мемлекет тарапынан қол­дау көрсету мәселесін талқы­лауда, сондай-ақ отбасылардың қажет­тіліктерін қамтамасыз ету үшін емес, кең тұрғыда концептуалды түр­де зерделеу ісінде жүзеге асырыла­тын келешектегі іс-шараларға қажет болады деген пікірдеміз. Яғни, мемле­кеттің отбасын қолдауға бағыт­талған саясатын ұдайы жетілдіріп оты­ру арқылы біз оның берік әрі тұрақ­ты болуына кепілдік бере алмақ­пыз. Қазақстандық отбасы инс­ти­тутын гендерлік, филосо­фия­лық-әлеуметтанулық тұрғы­да зерттеу­ге бағытталған осы жұмыс­тары белгілі бір қорытын­ды­ларға қол жеткізгенімен, жаңа үрдістерді түсініп, кейбір әлеумет­тік зардаптардың алдын алуда бұл жет­кі­ліксіз. Сондықтан, нақ бүгін­гідей дүниетанымның, құнды­лық­тардың, экономикалық және өзге де өлшемдердің өзгеріп отыруы жағ­дайында отбасы мәселесін зерттеуді жетілдіре түсу аса қажет. Екінші бір мәселе, жаһандану үрдісі ұлттық болмысты қаншалықты бәсеңсітіп бара жатыр десек те, өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру ісі әр халықтың өз бет-бейнесін сақтап қалудың негізгі әлеуетті құралы ретінде сақталуы керек. Жас буынның халқымызға тән ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп, сан ғасырлық тарихы бар елдің азаматы екендігін сезініп өсуіне жағдай туғызуда ешкім енжарлық танытып, бей-жай қарамауға тиіс. Бұл ретте, саналы тәрбие алған саламатты ұрпақ өсіруде қазіргі Қазақстан қоғамындағы әке мен ананың отбасыдағы өз жауапкершіліктері мен міндеттерін сезінуі қоғамдағы басты мәселелердің бірі дер едік. ХІ ғасырда өмір сүрген белгілі ойшыл, дала данышпандарының бірі Жүсіп Баласағұни «Құтты білік» атты еңбегінде: «Бала бойы тұнған ой, ақыл болса, әкесінің жүзі де жарқын болмақ» деп атап көрсетуі ұрпақтың азамат болып қалыптасуындағы әкенің ерекше рөлін меңзейді. Мұны халқымыздың «Ұл табалдырықтан аттаудан бастап, ар-намысын сақтауға дейін әкеден үйренеді» деген нақыл сөзі де растай түседі. Сондықтан, бала тәрбиесінде әкенің абыройы, асқақ тұлғасы ерекше ықпал етеді. Халқымыздың салт-санасында әкені асқар тауға теңеп, отбасының асыраушысы, ақылшысы, жол көрсетушісі, кез келген жанұялық мәселенің кесімін айтып, шешімін қабылдайтын отағасы ретінде құрметтелгені мәлім. Соңғы уақытта ұл баланың, туғаннан бастап бала бақшада, мектепте, жоғары оқу орнында түгелдей дерлік әйелдер қауымының тәрбиесі мен ықпалында болуы оның бойында нағыз ер-азаматқа тән қасиеттер толық қалыптаса алмауы мүмкін деген ойдамыз. «Құтты білікті» парақтай түссек, «Егер әке ұлына немесе қызына тиісінше көңіл бөлмей, олардың мінез-құлқы нашар болса, оған баланың еш кінәсі жоқ, оған кінәлі – әкесі» деп қадап айтылады. Көне заманда көкейкесті болған бұл мәселе қазір де өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан, бала тәрбиесі еркекке тән емес деген дәстүрлі санадан бас тартып, әкенің жауапкершілігі мен рөлін арттырудың бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәні бөлек. Өкінішке қарай, кейбір ер-азаматтардың дүниеге әкел­ген өз перзенттерін өсіру­ден, яғни материалдық қолдау көр­сетуден бас тартып, жас сәбиді тағдырдың талқысына қалдырып кету оқиғаларының орын алуы да қоғам­ның өзекті мәселелерінің бірі. Ба­лалар құқықтарын қорғау мақса­тында өткен жылы Ұлттық комиссия мен Бас прокуратура бірлесіп нә­тижелі жұмыс жүргізіп, алимент төлеуден жалтарып жүрген бір­қатар азаматтардан балаларының несібесін өздеріне қайтартқызуы осыған дәлел. Тұрақты табысы жоқ кейбір әкелердің жұмысқа орналасуына көмек көрсету де қоғамдағы ізгілік шараларының қатарына енбек. Бұл бір жағынан балалардың құқықтарын қалпына келтірсе, екінші жағынан отау құруды ниет еткен жас жігіттер арасында әке тұлғасы, оның отбасындағы орны, бала өміріндегі рөлі туралы жұмыстар аясын кеңейту қажеттігін көрсетеді. Сондықтан, Ұлттық комиссия бала тәрбиесіне әкелерді қатыстыру мәселесін өз жұмысының тұрақты бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Бұл тақырып баспасөзде кеңінен талқыланып, жұртшылықтың пікірі жан-жақты сараланды. Нәтижесінде ауқымды қоғамдық жұмыстарды жүргізумен қатар, құқықтық реттеу қажеттілігі анықталып, отбасылық-неке қаты­настары, балалар құқықтары, ата-ана­лардың бала тәрбиесіндегі, кәме­летке толған балалардың қарт ата-аналарына қамқорлық жасаудағы жауап­кершіліктерін арттыру мәселелері бо­йынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілді. Мемлекет басшысы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында ана мен баланы қорғаудың мәселелеріне жан-жақты тоқтала келе, «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», деп атап көрсеткені баршаға белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, көнеден жеткен дәстүрлі түркілік қоғамда қыз-келіншектер инабаттылықтың, имандылықтың үлгісі, жанұяның жарасымы ретінде қабылданып, әйел-ана құрметке бөленіп отырған. Әйелге деген мұндай қатынас көшпенді мәдениеттің терең мән-мазмұнымен түсіндіріледі. Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымындағы «құт» сөзі өмірлік қуат, ұрпақ жалғастыру, өмір жалғасын білдіретін қасиетті ұғым болса, әйел шаңырақтың берекесі, құты саналған. Ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 5 қыркүйектегі санында жарияланған «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласындағы: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе. Оны түзеймін десең, әйелдің халын түзе!» – деген сөзінің астарында көп мән жатыр. Бұл бағытта алдымызда ананың әлеуметтік статусын көтеру мәселесі бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асыру қажеттігі тұрғанын атап өту керек. Сондай-ақ, отбасының әлеуметтік өркен жаюы үшін елдегі іргелі жобаларды іске асыруға ер-азаматтармен бірге әйелдер қауымының атсалысуларына мүмкіндік туғызудың маңызы зор. Ел Президентінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту шараларына кәсіби білікті әйелдерді тартуға мейлінше маңыз берілу керек. Мәселен, елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны өткен жылы 8,6 млн. адам болса, әйелдер оның тең жартысына жуығын құрап, ішкі жалпы өнім­ді қа­лыптастыруға қырық па­йыз үлес қосып отыр. Жолдауда эконо­микалық өсім мен жұмыспен қамту­ды қолдау үшін бұрын бөлінген 1 трил­лион теңгеге қосымша Ұлт­тық қордан 500 миллиард теңге қар­жы бөлу тапсырылғаны мәлім. Оның 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге бағытталады. Шағын және орта бизнес субъектілері иелерінің ішінде әйелдер үлесі 41% құрайтынын ескеретін болсақ, бұл – әйелдердің өз бизнесін дамытуға, елде жүргізіліп жатқан экономикалық қайта құрулардың белсенді қатысушысы болуға жасалған елеулі көмек. Әрі бұл Елбасының қолдауымен 2002 жылдан бері іске асырылып келе жатқан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасының нәтижелілігін арттыратыны сөзсіз. Еліміздегі отбасы-демографиялық салада қарттар мен жетім балалардың жағдайын жақсарту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында тұр. Халықтың қартаюы сияқты жаһандық құбылыс біздің елді де айналып өтпегені аян. Статистикаға жүгінсек, соңғы халық санағы Қазақстанда жасы алпыстан асқан тұрғындардың саны жеті па­йыздан асқанын айғақтайды. Халық санында қарт адамдар үлесінің көбеюі бір жағынан адамдардың өмір сүру жасының ұлғайғандығын көрсетсе, екінші жағынан бала туу деңгейінің азаюын алға тартады. Жалпы алғанда, халықтың қартаюы – экономикалық тұрғыдан белсенді халық санының кемуіне әкеп соғатын фактор екені анық. Сондықтан, жұмыс күшінің жет­кіліксіздігінің алдын алу шаралары қарт адамдарға белсенді өмір сүретін жағдай жасауды қамтитыны заңды тетікке айналуда. Қазір Жалпыұлттық жоспарға сәйкес, қарт адамдарды кемсітуден қорғаудың заңнамалық тетіктерін енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге, халықтың өсімін қам­тамасыз ету шаралары қа­тар жүруі тиіс. Соңғы жылдарда рес­пуб­ликадағы бала туудың жалпы көрсеткіші өскенімен (2012 жылы 381005, 2013 жылы 387227, 2014 жылы 401066 нәресте дүниеге келген), кейбір жерлерде теріс үрдіс байқалып отыр. Бұл ретте демографиялық өсімге ең аз үлес қосып отырған өңірлер, яғни Солтүстік Қазақстан (2012 жылы 8711, 2013 жылы 8562 нәресте), Шығыс Қазақстан (2012 жылы 23243, 2013 жылы 22900 нәресте) облыстары қалыптасқан ахуалды жақсартудың жолдарын қарастырулары тиіс деп есептейміз. Халқымызда «жетімді қуантсаң, жерде жетпіс періште, көкте жетпіс періште қуанады» деген сөз бар. Өздеріңізге белгілі, қазақтың ғұрпында тағдырдың жазуымен жетім қалған баланы жақын ағайын-туысы бауырына басып, өзінің туғанындай өгейсітпей өсіріп, есейтіп, үлкен өмірге қанаттандырып отырған. Ата дініміз – исламда да жетімге жәрдем ету үлкен сауапты іс саналған. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдардың тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй», деген хадисі көп нәрсені аңғартса керек. Бүгінгі таңда елімізде жетім балаларды асырап алатын отбасыларды материалдық ынталандыру заң жүзінде бекітіліп, 21350 жеткіншек қазақстандық отбасыларда тәлім-тәрбие алуда. Біз келешекте осы үрдісті одан әрі жандандырып, балалар үйлерінің санын азайтып, жетім балалардың отбасыда тәрбие алуына жан-жақты жол ашып берсек деген ойымыз бар. Сондықтан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерді қоғамға кіріктіру, оларды асырап алушыларға қолайлы құқықтық жағдай тудыру мақсатында өркениетті елдер тәжірибесіне сүйене отырып, патронаттық тәрбие, жетім балаларға қамқоршылық жасау тәжірибесін жетілдіре түсуіміз қажет. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өз қатарластарынан қалмай, қосымша білім алуын қамтамасыз ететін балалар бақшалары желісін кеңейту жолдары қарастырылуда. Тағдырдың талқысына түсіп, дағдарысқа ұшыраған жас әйелдер сәбилерін тастанды етпеулері үшін Астанада «Аналар үйі» жұмыс істей бастады. Сонымен бірге, отбасылық-өнегелілік құндылықтарды нығайту жөніндегі ақпараттық жұмыстар күшейтіліп, қоғамда маскүнемдік пен алкоголизм, темекі шегу мен нашақорлық, отбасылық борышқа жауапсыз қарау, үлкендерді сыйламау сияқты теріс көріністерге төзбестік ахуалын тудыруға маңыз берілуде. Бұл жұмыстардағы түпкі мақсат біреу – өз іс-әрекеттерімізбен бала қай жерде: мейлі өз үйінде, мейлі балалар үйінде тұрса да, олардың өмірі біз үшін маңызды екендігін, олардың қоғамның тең құқықты мүшесі ретінде барлық мүмкіндіктерді пайдалана алуына қол жеткізуін қамтамасыз ететінімізді көрсету. Яғни, болашақ ұрпақ біздің халқымызға тән ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп, сан ғасырлық тарихы бар елдің азаматы екендігін сезініп өсуіне жағдай тудыру болмақ. Келешекте мақала барысында айтылған мәселелерді қаперге ала отырып, елімізде отбасына қатысты мемлекеттік саясаттың жаңа парадигмаларын түзіп, әке мен ананың рөлін арттыру, қарттарға қамқорлық жасау, баланы дүниеге әкелу және оны тәрбиелеуді әркімнің жеке ісі ретінде есептемей, тұтастай қоғам деңгейінде қарастыру қоғамда отбасы құндылықтары мен дәстүрінің берік сақталуына кепіл болмақ. Өйткені, еліміздің әйелдер қауымдастығы, аналар мен қыз-келіншектер отбасылық қатынастарды нығай­туға, рухани-адамгершілік құнды­лық­тарды тереңдетуге, тұтастай алғанда, халықтың әл-ауқатын көтеру­ге бағытталған мемлекеттік саясат­тың нәтижесін шынайы сезіну­де. Сондықтан, Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың Қазақстанды әлемнің ең дамыған қуатты 30 елінің қатарына кіргізу жөніндегі сындарлы саясатына жан-жақты қолдау білдіріп, оның іске асырылуына бар күш-жігерін салатынына сенімдімін. Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.